С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы

Әдебиет — оның өмірі

IMG_3352Жақсы көретін жолдасың, қатарласың туралы жазудан қиын нәрсе жоқ. Бізге де оңай тимейтін сияқты. Достар бірін-бірі көзінше мақтап, мадақтауға сараң келеді ғой. Бірақ кейде осы біз мына тіршілікте бір-бірімізден жақсы сөзімізді, жақсы лебіз-тілегімізді, ақ көңіл ниетімізді несіне аяймыз деген ойға қаласың.

Бүгінгі сөз бірге жүрген досымыз, өмір жолымыз, қызметіміз, барлық ісіміз бірге қатарласымыз -еліміздің аяулы перзенті, қазақ әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің бірі — Сайын Мұратбеков туралы болмақ. Оның шығармашылығы — жан-жақты, көп қырлы мол қазына. Тақырыбы да сан алуан. Оның жазбаған, арнамаған саласы жоқ. Бірақ, соған қарамастан, біз бөліп алып, өз алдына бөлек атайтын басты тақырыптары да бар. Ол — өмірге жаңа ғана қадам басқан жас балаң жігіт, олардың бастан кешкен қиыншылықтары мен қуаныштары, алдағы үміті, алғашқы махаббаты, адамгершілік, тамаша өмірдің шұғыла сәттері, ауыл азаматтарының бір қарағанда ерсілеу көрінгенмен, адамды еріксіз езу тартқызатын қылықтары, сонымен бірге адам бойындағы сұмпайы мінездер мен сұрқайы әдеттері, қашанда жақсымен бірге ілесе жүретін жиіркенішті жат қылықтар мен жайсыз мінездер. Бір сөзбен айтқанда, жарық пен күңгірттің, жаман мен жақсының шарпысып, шалысуы, кезек жығысуы.

Сайынның достары көп. Бәрі өзімен бірге әдебиетке қатарласып, қабырғаласып, үзеңгілес келген серіктері — Олжас, Әкім, Қалихан, Рамазан, Қабдеш, Мұхтар (Мағауин). Олар тобын жазбай әдебиетке бірге келіп еді, қазір де қатарларын бұзбай келе жатыр. 60-шы жылдардың басында бастапқыда оларды «жас жазушылар» дегенмен, алғашқы тақырыптары, көтерген мәселелері, шеберліктері, жазу мәнері, әдебиетке шынайы берілуі — тым ірі әрі өміршең еді. Олар жастар қатарында көп жүрген жоқ, әдебиеттің қиын шаруасына білек сыбанып кірісіп, ауыр жүгін мойымай, белдері қайыспай, бірден көтеріп әкетті. Мүмкін, уақыт та сондай болған шығар. 60-шы жылдар — қоғамдық өмірде, әдеби процесте елеулі өзгерістер мен жаңалық құбылыстар айқындалып, жаңа қатынастар қалыптаса бастаған кезең еді. Ендеше, олардың шәкірттік кезеңнен аттап өтіп, бірден ұстаздық дәрежеге қадам басуы заңды еді. Ендеше, Сайынның алғашқы жинағын бірден сол кездегі Қазақстан комсомол Орталық Комитетінің бюро мәжілісінде арнайы талқылап, арнайы қаулы алуы да сондықтан болар.

Әдебиетіміздің ақсақалдары да ол туралы жылы лебіздерін аяған жоқ. Мұхаметжан Қаратаев арнайы баяндама жасады. Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөздері оның бүкіл шығармаларына берген әділ бағасы еді: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз». 1978 жылы Мәскеуде жоғары әдеби курста жазушылардың халықаралық тақырыпқа арналған семинарында орыстың белгілі жазушысы Василий Шукшин қазақ жазушысының әңгімелерімен танысып, өзімен мүдделес, рухани жақын, шығармашылық қуаты, тынысы, тақырыбы ортақ, үндес екенін түсініп, «Менің қазақ бауырым, туысым» деп бауырына тартып, құшағына алуы да көп жайды аңғартпай ма?!

Ал Сайынның бойындағы тағы бір ерекшелік әлеуметтік жайларға лирикалық нақыш қосып, ішкі нәзік әуендер арқылы жеткізе білуі. «Новелла — адам сенгісіз оқиғаны әңгіме ету, сендіру» — деген екен Гете. Осы қасиет Сайынның да бойында бар. Сайын-көркем әдебиеттің табиғатын, оның ішінде әңгіме мен повесті жан-тәнімен, жүрегімен сезіп, жаратылысын, табиғи сырын терең түсінетін (қалай сезетінін бір Құдайдың өзі біледі) сезімтал жазушы. Бұл да жазушы бойындағы асқан талғампаздықтың белгісі екенінде сөз жоқ.

60-шы жылдардың басында дағдарыста болған әңгіме жанрына жан бітірген Сайын дер едік. Осы кезде әдебиетшілер қоғамдағы елеулі өзгерістерге үн қосамыз деп тым асқақтаған тақырыптарға үйір болған шақта, Сайын жер бетінде күнделікті тіршілік пен жеке адамның жеке өмірі бар екенін еске салды. Әуезов, Мүсіреповтердің кезінде жұртты тамсандырған қысқа да ұтымды, әсерлі әңгімелерінің дәстүрлерін әрі қарай жалғастыруға тырысты. Өз үні, өз тақырыбымен келіп, қарапайым өмірлік құбылыстарда да қоғамдық үлкен мән-мағына жатқанын көрсетті. Әңгіме жанрының классикалық үлгілерінен кем түспейтін өзіндік ұлттық ерекшелігі, көзқарасы, қазақы танымы бар әңгімелер тудырды.

Сайынның бұл еңбектері қазақ әдебиетінің бай қорына косқан өзіндік үлесі. Ал бұл үлес — қомақты, баға жетпес қымбат мұра еді. Жоғарыда біз айтқан топпен бірге Сайын да осы кезеңдегі қоғамдық қақтығыстар мен заман тудырған қайшылықтардың, әлеуметтік өзгерістер мен ағымдардың қақ ортасында жүріп, осы құбылыстар өмірге әкелген оқиғалар мен образдарды шығармаларына арқау етті.

IMG_335515Адамдардың сан алуан, сан қырлы бейнесін жасады. Сол бейнелерді қазір ұмыту қиын. Бәрі етене жақыныңдай жанасып қасыңда жүреді. «Жабайы алмадағы» сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қиыншылықты молынан кешкен жаралы Қанай мен оның құрдастары — шешен Бакке мен неміс Оттоның өзара достығын, сол қиын кезеңнен аман өтсек деген әрекеттерін іштей қолдап, қостап отырасың. «Кәмен тоғайындағы» Кәменнің жасыл желектері өзі өрбіткен ұрпағының келешегін мегзейді. «Менің қарындасым», «Райгүлдегі» лирикалық саздар мен әуендерге жүрегің елжіремей ме? «Жусан иісіндегі» адамдық қатыгездіктің құрбаны болған Аянды аяп, жүрегің сыздайды. «Бекеңнің құбылысындағы» қарт шопан Бекеннің өмірдегі жаңа құбылыстарға икемделуіне де сенесің. Сайын тіпті газет тапсырмасымен барып жазған очерктерінің өзін көркем әдебиет заңына бағындырып, әдеби шығарма дәрежесіне көтерді. «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» деген әңгімедегі Мұхтар Әуезов бейнесі ұлы жазушының көркем публицистика арқылы шешімін тапқан зор тұлғасы деуге болады.
Сайын әңгімелерінде кейіпкерлері қандай қиыншылықтарға, тағдырдың талқысына түссе де, адамдық бейнесін, адамгершілік қасиетін жоғалтпауға, өмірге деген үмітінен түңілмеуге, тағдыр тауқыметіне мойымауға, адалдық пен әділдікті баян етіп, адал жанын, таза ниетін бойында сақтап қалуға тырысады.

MuratbekovЖазушының өмір жолы тек шығармашылық саласымен ғана шектеліп қалмайды. Жазушы әдетте өмірдің әр саласынан, қалың жұрттың қайнаған қақ ортасынан келеді. Кейде өмірдің сол әртүрлі салаларына қайта оралып, қоғамдық іс-әрекеттерге қайта араласуына тура келеді. Бұл жазушының шығармашылық қайрат-жігерін, талантын қайта жанып, қайта қайрап, шыңдай түспесе, қуатын кемітпейді, зиянын тигізбейді. Бір жолмен келе жатқан Сайынның шығармашылық кезеңінде осындай бұрылыстар да болды. Оның тікелей жазушылықтан ауытқып барып, басқа іске ауысуы сол кездегі республикалық партия ұйымының Орталық Комитетінен басталды. Үшеуміз де Орталық Комитетте бір кезеңде бірге жұмыс істедік. Сайын үшін бұл мүлдем жаңа сала еді. Бұған дейін газеттерде, Жазушылар одағында жұмыс істеп келген жазушыға үйреншікті әдетінен, ісінен қол үзіп, қиыншылығы мен жауапкершілігі мол, әсіресе аяқ астынан, жоқ жерден мәселе туындап, тосыннан килігетін, шешімін тез тауып, жауабын тез беруді қажет ететін күрделі қызметке ол көпке дейін көңілі көншімей, бойын үйрете алмай қиналып жүрді.

Сайынның бұл жұмысқа келуі де, кетуі де өз алдына бір әңгіме. Екеуінде де ол қиыншылыққа тап болды. Ол кезде кадр мәселесі қазіргідей қолма-қол, тез шешіле қоймайтын кез. Жан-жақты зерттеуден өтіп барып қана жоғарғы деңгейге ұсыныс енгізілетін. Осындай әдетпен айлап жүріп алдық. Мұндайға өте сақтықпен қарайтын идеология жөніндегі хатшымыз Саттар Нұрмашұлы Имашев алдына екі рет барған Сайынның құжаттарын әртүрлі себептермен кері қайтарды. Мәдениет болімінің меңгерушісі Михаил Иванович Есенәлиев ақыры шыдамы таусылып, сол кездегі Орталық Комитеттің кадр жөніндегі хатшысы Василий Кузьмич Севрюковқа барып, осы мәселені шешуге араластырып, ақыры Имашевты да көндіріп, қағаздарды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың алдына жеткізді. Ол кісі мәселені ұзаққа созбады, сол бойда қолын қойды. Ал бұл сергелдеңнің сыры — Сайын сияқты өз мінезі, өз көзқарасы бар, еркін сөйлеп, еркін пікірге баратын жазушының номенклатуралық қызметкерлерге тым ыңғайсыздығы. Жоғарғы номенклатура ондай адамдарды жаратпайтын. Сайынның бұл мекемеден кетуі де осылай болды. Қызметке аларда көп ойланып, көп толғанған Имашев енді шығармашылық жұмысқа кеткісі келіп, қызметтен босатуды сұраған Сайынның арызына қол қоймай қойды. Енді жібергісі келмеді. Үш-төрт жыл қатаң мекеменің қатаң тәртібінен өтіп, жұмысқа төселе бергенде Сайынның шығармашылық еркіндікті аңсап, сүйікті кәсібі — жазушылыққа оралғысы келіп, мына жұмысынан айни қалмасы бар ма. Тағы да арыз жазылды, тағы да хатшыға барды. Араларында мынадай әңгіме өтті.

— Саттар Нұрмашевич, мен кетейін, бұрынғы жұмысыма барайын.
— Неге?
— Мына жұмысқа көңілім қонбайды.
— Мұндай жұмысты да біреу істеу керек қой.
— Ондай адамдар табылар.

Имашев ойланып қалды. Оның кеткісі келгенін түсінгендей болды. Екі күннен кейін жазушы Сайын Мұратбеков қайтадан өз ортасы — «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып оралды. Сайын Мұратбековтің келуімен «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа кезеңі басталды. Газеттің көлемі ұлғайып, қазіргі форматқа көшіп, жаңаша безендіріліп, жаңа тәсілмен, жаңа бағытпен шығарыла бастады. Газеттің тиражы өсті. Газет бетінде жаңа проблемалар көтерілді. Сайын редактор ретінде де, жазушы ретінде де қазақ әдебиетінің даму процесіне ықпалын тигізді.

514444_html_5731f2ddСол кезеңдегі шығармашылық маңызды проблемаларды шешуге белсене араласып, қазақ әдебиетінің беделін көтеруге атсалысты.

Әрине, бұл жылдар Сайын үшін шығармашылық табысты, жемісті жылдар болғанмен, оның азаматтық бағытына, қоғамдық белсенділігіне де үлкен сын кезең болды. Ол өзінің принципшілдігі, адамгершілігі, іскерлігі, әдебиетке деген шынайы қарым-қатынасы, жауапкершілігі арқасында бұл сындардан сүрінбей өтті.

Сайын Мұратбеков осы кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» газетінен кейін «Жазушы» баспасын басқарып, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болғанын атай келе, соңғы жылдардағы қызметтеріне, іс-әрекеттеріне де тоқтай кетейік. Ақиық ақын Олжас Сүлейменовпен бірге ядролық жарылыстарға қарсы бағытталған «Семей-Невада» қозғалысын ұйымдастырып, осы бағытта да көптеген жұмыстар жүргізіп, «Халық конгресі» газетін шығарды. Газет жер бетінде ядролық сынақтарды тоқтатып, бейбіт өмірді баянды ету — қазіргі әлем алдында адамзат баласының ең басты міндеті екенін айта келіп, бұл қауіпті әрекеттің зияны мен зардаптарын атап, жұртшылықты мұндай қылмысқа жол бермеуге шақырды.

Жазушы қашанда «жасым жетті, енді болдым- толдым» деп жан бағуға кіріспейді. Ақырғы демі таусылғанша бар өмірі жазу столының басында, іздену үстінде өтеді. Ол бұрынғы әдетінен жаңылмайды, көңілдегі ойларымен, жан дүниесімен арпалысып, кейіпкерлерінің өміріне араласып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, көкірегіне ұялаған ғажап көріністерді қайта ашып, қағаз бетіне түсіруге тырысады.

Құрметті, Сәке, осындай творчестволық толғаныс сәттерің көп болсын, көп жаса!

/Бекежан Тілегенов,
Владислав Владимирович
/Жалын. — 2010. — №4/

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

Connecting to %s

%d такие блоггеры, как: