С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы

Ізденіс бағдарын барлағанда

514444_html_5731f2ddЖас жазушылардың әңгіме жанрында ізденістері жайында сөз козғағанда Сайын Мұратбековтың есімін бөлек атар едік. Сайын қазақ әдебиетінде алғаш рет қарапайым ауыл адамдарының 20-30-жылдардағы психологиясын, сана-сезіміндегі әлеуметтік түбірлі өзгерістерді өз шығармаларында реалистікпен суреттеген Бейімбет Майлиннен көп үйренген жазушылардың бірі. Оның әңгімелерінде «Шұғаның белгісіндегі» лирикалық психологизм мен тау суындай тұнық та мөлдір реализмнен көп үлгі алушылықты, соларды байсалдылылықпен зерттеген творчестволық ізденіс бедерлерін байқауға болады.

С. Мұратбековтың «Менің қарындасым», «Ауыл оты» жинақтарындағы әңгімелерден алпысыншы жылдарғы қарапайым ауыл адамдарының тамаша мінездері мен іс-әрекеттерін көреміз. Біздіңше Сайын әдебиетімізге осы бір кезеңнін талай-талай қайталанбас жаңа образдарын әкелген жазушы. Сайынның ізденісін ауыл адамдарының ішкі-сыртқы бейнесін өзгеше суреткерлік бояулармен өрнектеп бергенінен анық танимыз. Сондықтан да Сайын творчествосы әдебиетіміздің әңгіме жанрына тән ізденушіліктің бір дәлелі дер едік.

Қайсыбір жазушылардың сыралғы тақырыптары болатыны мәлім. Олар «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, сол тақырыптардың соңына шам алып түседі. Сайын Мұратбековты де сондай авторлар санатына қосуға болар еді. Сайын әрбір кітабында ауыл өмірін, оның бүгінгі терең сырлы, жаңа мазмұнды қызық тірлігін алғаш жаза бастағаннан-ақ арқау етумен келеді. Оның кітаптарының ішіндегі айрықша «Отау үйінің» де негізгі тақырыбы осы. Әдебиет өмірдегі оқиғалардың, мінездердің, тартыстардың жалаң сырт көшірмесі еместігі әлімсақтан белгілі жай. Жазушы көз кәргендерін сол қалпында бейнелеп қана қоймайды. Өмірден алатыны, өз жанынан қосатыны анық. Былайша қарағанда шығарма жазушының идеалы мен антиидеалының көрінісі. Өйткені жазушы ең алдымен күрескер азамат. Алдаспаны — қаламы мен парықты сөз. Жазушы жаны сүйген құбылысты мадақтап, жиренгенін мансұқ етеді. Оның бұл ойы шығармада бүркеулі жататыны анық. Өйткені әдебиет жалаң публицистика емес, онда идея образға айналып кетеді.

Сайын Мұратбеков әңгімелерінен осы сипаттарды мол табамыз. Әңгімелерінде идея менмұндалап тұрмайды. «Күсен-Күсекесі» осы пікірімізді бекіте түседі. Бір қарағанда әңгіме арқауы тым ұсақ тұрмыстық күйкі жайлар секілді. Алайда оны оқып болған соң әлгі ойыңыздан тез ораласыз. Әңгімедегі кейіпкерлеріне деген автор сүйіспеншілігі мен жек көруін сезінбеу мүмкін емес. Жазушы Күсенді дәріптеуге ұмтылмады. «Өмірдің тұтқасы Күсен сияқты жандар». Ол дәл бұлай демегенмен, әңгімеде қылан беретін түпкі идея осы. Енді бірін жек көрмеді. Олар анау алаяқ, жылпос сатушы мен т. б. Олар «күріш арқасында су ішкен күрмек» тәрізді, адал жандарды «ағалап», ретін тауып алдап күн көргеніне мәз тоғышарлар. Сайын осылардың үстемдік алып, алшаң басып, шалқып жүруіне әбден қарсы. Жазушы ананың жаны ақ, мынанікі қара деп айғайлап ештеңе де айтпаған. Ол жағын оқушы өзі ажыратып, танып алуға тиіс.

Күсен. Оның мінезі, адамдық кескін-тұрпаты жан дүниесі айналасындағылармен қарым-катынас үстінде жан-жақты ашылады. Ол кісіге бергеніне, біреуге жақсылық жасағанына риза жан. Күсен кейбіреулердің өзі сияқтыларды алдап су ішіп, жер басып жүргенін сезеді де, бірақ олардың ісін жамандыққа жорудан ат-тонын ала қашады. Бұған оның Бисұлтанмен кездесуін айтсақ та желкілікті. Біз Күсен сияқты жаны жайсаң, жүрегі кіршіксіз адал адамдардың бүгін өмірде көп екендігіне күмәнданбаймыз. Ал, Бисұлтан сияқты жылымдардың да іс-әрекеті ауылдық жерде типтік жағдай деу шындыққа сыймас еді. Сайын бұл әңгімесінде проблемалық мәселелерді қозғаған, ауыл адамдары арасындағы ішкі тартыс суреттелген.

Сайын Мұратбеков әңгімелерінде лирикалық психологизм басым. «Басында Үшқараның» әңгімесі осының айғағы. Мұнда бас кейіпкер, жанының күнгейі мен теріскей жағы қарайлас Әсеттің көңіл күйі, толқуы, сезім құбылулары әңгіменің өн бойына әдемі өріліп отырады. Әңгімедегі автордың айтпақ болған ойын, көтерген идеясын мынау деп бір сөз, бірер сөйлеммен тұжырымдай салуға келе бермейді. Жазушы біраз нәрсені сығымдап айтуды мақсат еткен. Айталық, ауыл және ондағы адамдардың моральдық-материалдық өсу, өзгеруі, Әсеттің бұрынғы құрбы-құрдастарының бүгінгі тірлігі, олардың басындағы әр түрлі хал, жүріп бара жатқан максат, мұрат жолдары, өмірге көзқарас, түсініктері, т. б. сөз болады.

Суреттелетін кейіпкерлерді жағымды, жағымыз деген схемаға маңайлата алмаймыз. Олардың қай-қайсысы өз тыныс, өзгеден белек қоңырқай тірлігімен алдыңнан шығады. Әсеттің әпкесі Зағипа, Әбдібай, Сәулетай, Шынар, осылардың іс-әрекетіндегі, сөзіндегі табиғилық, нанымдылық оқушысын сүйсінтпей қоймайды. Сайынды Майлинмен жақындастыратын жазушылық қасиеті де осында жатыр. Тағы бір көңіл аударатый кейіпігер — Зағипа. Жазушы симпатиясы да соған көбірек бағышталған. Зағипа мінез жағынан көп қаламның ұшына ілінбей жүрген әдебиетіміздегі жаңа бейне деуге де болады.

Зағипа көктемгі дала қызғалдағы секілді. Өз қарапайымдылығымен сүйкімді. Оның той үстінде ағыл-тегіл жылап отырған сәті де соншама шыншыл. Онысы жылау емес, Зағипаның қайырылмастан өтіп бара жатқан жастық шағын аңсауы, жастық дәуренін сағынуы, соны қимауы деп білеміз. Бұл да адамның басында кездесетін жайт. Өмірдегі талас пен тартыс, жалпы жақсылық пен жамандық атаулының туу себептері көп. Соның бірер себебі — характерге байланысты. Белгілі бар жағдайдан соңғы дұрыс, не бұрыс әрекеттердің тікелей мінезге қатысы бар. Өмірдің күрделілігі де мінездердің әр қилылығымен, қым-қиғаштығымен сабақтас. Адамдардың түр-тұлғалық, дене бітімі, бет-пішіні жағынан ұқсас еместігі сияқты мінездері де әр алуан. Сайын осындай бір мінездерді жіті көре біледі де соны көркем шындықпен белгілі ситуацияға байланысты иланымды жеткізеді.

«Отау үй» әңгімесінде де солай. Бір үйде төртеу тұрады. Мінездері де төрт белек. Олар әкесі, шешесі, баласы, келіні. Әкесі сөзге жоқ, әріден, терең ойлайтын адам. Оған қоса өте сабырлы. Ал, Ұзақтың шешесі болса адуын, қатал қазымыр кісі. Осы мінездерімен шектен шығып кетеді. Ұзақ пен Тананың, бөлек шығуының бас себепшісі де өзі. Ұзақ — сөзге сенгіш, аңғал жігіт. Адалдығы да негізгі қасиеті. Ол «ашуы алдымен, ақылы сонынан» дейтіннің тап өзі. Тана — тіпті бейкүнә жан, неге болса да мақүл. Қарсылығы да, құптауы да іштей болады. Жалпы бұл әңгімесі жазушының кейіпкер психологиясын шебер жеткізуге әбден төселгендігінің айғағындай.

Алайда, осы әңгіме кейіпкерлерінде, сол сияқты «Үскірік» әңгімесіндегі кейіпкерлер бойында даралылық сипат бар да, уақыт, дәуір талабына жауап берерлік жинақтаушылық қасиет жетіңкіремей жатады.

Кейіпкерлердің парасаттылығы (интеллекті) деген — жай сөз емес, әдебиетке, жазушыға уақыт қойып отырған ортақ та заңды талап. Бұл жай да Сайынның, мықтап ескеретін мәселесі деп ойлаймыз. Кейіпкер парасаттылығын көрсетудің бір жағы-замандастарды көрсетуі, олардың ойларын, көзқарастарын, түйсік-түсініктерін, азаматтық-моральдық бет-бейнесін, мұрат-мақсатын жазу екені мәлім.

Өмірде кездейсоқ және заңды құбылыстар мен шындықтар қат-қабат келіп, иін тіресіп, қойындасып жатады. Негізгі шындықты дұрыс екшеп, талғап, әлеуметке қажетті-ау дегенін ала білу қиын міндет. Жазушылық өнердің қиындығының бір кілтипаны да осында.

Шығарма өміршеңдігі — жалпы әдебиет жасампаздығы. Жазушы мерейі өз кезінің рухын көрсететін әлеуметтік мәселелерді көтеруімен, бейнелеуімен тығыз байланысты. Шығармада әлеуметтік салмақ жоқ жерде оның өрісі ұзақ еместігі аян.

Әдебиет — көркем сөз философиясы. Шын мәніндегі келісті шығармалардағы образдардың ішкі астарының философиялық ойлармен көктелетіні тегін емес. Әдебиетте таразының бір басы эстетикалық дүмпу, дабыл. Сүйсінту ғана емес, шошыту, жылату ғана емес, күлдіру, қуанту. Бұл айтылғандарды біз сөз етіп отырған Сайын Мұратбековке ғана катысты, соған ғана арналған деп қарау мүлде сыйымсыз.

«Құдықты су шығатын жерден қазады» дейді екен. Біз Сайынның атына жоғарыдағы кейбір ескертпелерді айтқанда, оның талантына сеніп айтамыз. Талантты талап өсіреді. Талант мүмкіндігіне сай дүниелер күткендіктен ойымызды ешбір бүкпесіз білдіруді мақсат еттік. Ал, жалпы алғанда Сайынның ізденіс үстінде келе жатқан суреткер екендігі даусыз.

1970
/Әшімбаев С Парасатқа құштарлық:
Әдеби-сын мақалалар. — Алматы: Жазушы, 1985./

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s

%d такие блоггеры, как: