С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы

Шағын жанрды шығармаға сыйдырған талант

«Алыста қалған балалық шағым… Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын» деген жалынышты үнін естимін» деп басталушы еді, бала кезімде оқыған «Жусан иiсі» деген повесть. Авторы Сайын Мұратбеков. Шығарманы оқи отырып, күрсінбеген, көзіне жас алмаған оқырман кемде-кем-ау. Шағын жанрдың шебері атанған жазушы Сайын Мұратбековтiң мықтылығы да сол, оқырманын самарқау қалдырмайтын. Бірге жетелейді, күрсіндіреді, күйіндіреді, қуандырады. Сонау қолға кітап алып, оқи бастаған шақта-ақ. Анау «Жабайы алма», «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Менің қарындасым», тағы да басқа туындыларын бас алмай қайталап оқи беруші едім. Бөлек дүние-тұғын. Кейіннен КазГУ-дің журфагіне түскен соң бірнеше мәрте жазғандарымды Жазушылар одағына апарып жүріп, Сайын ағаны сұрастырғанмын. Ойым жақын танысу еді. Үлкен жазушыны көргім келген. Тіпті шығармаларындағы кейіпкерлер өмірде бар адамдар ма, жоқ, қиялдан туған жандар ма, соны да білгім келген. Бірақ ол кісімен кездесе алмадым… Бірақ Сайын Мұратбеков мен үшін жазуы бөлек, мықты қаламгер ретінде қала берген. Әлі де үйдегі сөреде тұрған кітаптардың ішінен ол кісінің жазғандарын құмарым қанбаған адамдай қайтадан отырып оқи беремін. Сонау алыста қалған ауылға қарай жетелеуші еді, Сайынның әңгімелері… Ауылды, жүйткіп өте шыққан бала дәуренді сағынушы едім… «…Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ Аянның прототипі бар. Ол — ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың тағдыры — Сайынның ауылындағы Науқан деген баланыкі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колхоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет — Сайынның өзі. Бір жылы Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты. «Мұң жапырақ» деген повесі болатын. Шағын үзіндісін бір журналға жариялағанда: «Аса жақсы жазылған жоқ. Өзіме ұнамады» деп жүрген. Бірде үйге кірсем пештің алдында керек емес қағаздарын, біраз қолжазбасын бұрқыратып жағып отыр. «Мұның не?» десем, «Мұң жапырақ» жақсы шыққан жоқ. Өртеп жібердім. Ойланып қайта жазармын» деді. Бірақ қайта жазуға отыра алмады. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам, деуші еді. Үлгермеді…» деп еске алады жазушының жары Мәриям апай «Ақ желкен» журналына берген сұхбатында. Сайын Мұратбеков өткен ғасырдың 50-жылдарының соңы, 60-жылдардың басында әдебиет көшіне өзіндік қолтаңбасымен келген талантты қаламгер. Шоқтығы биік «Жабайы алма» романы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Сайын аға бар болғанда биыл жетпістің жетеуіне толар еді…

/Қалихан Ысқақ, жазушы, драматург/

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s

%d такие блоггеры, как: