С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы

«Таланты мен жан дүниесі үйлесіп тұратын» Мәриям Мұратбеккеліні

13559125961Атақты ақынымыз Қасым Аманжоловтың:

Отбасы шағын мемлекет,
Мен — президент, сен — премьер,

— деген жарына арнаған өлеңі бар. Шындығында, әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, басқару тәртібі мен міндет бөлінісі, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері болатыны секілді әр отбасының болмыс — тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның құрылымы да басшылық пен қосшылықты, оның бірінің — әділ, ұстамды, екіншісінің мейір-шапағатты болуын қажет етеді. Қабақ жарасымдылығымен жан жарасымдылығының үйлесімді болуы отбасы мәртебесін арттыра түседі. Әйтсе де, бір құдайшылық анықтама бар, ол отбасының отын лаулатып отырған әйел еңбегінің өзгеше ерекшелігі мен өзгеше жауапкершілігі дер едік. Әйел отбасына күннің қызуындай мейір-шапағат, бақытты кескін-келбет береді. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековтың үйіндегі Мәриям апай да шарапатшыл, иманды, аяулы жан. Сайын ағамен елу жыл бірге тұрып, сол уақыттың оқыстан қас-қағым сәтте өте шыққанына өзін әлі көндіктіре алмай жургенін әр сөйлеген сайын аңғартып қояды. Естелігін сағынышпен бастап, аяғында көз жасын көл қылып жылай салады.

— Мәриям апай, Қадыр Мырзалиевтың мынадай өлеңі бар.

Байқамайды екенбіз,
Бақыт деген — екеуміз.
Аяқ екеу, қол да екеу,
Көз жанарың ол да екеу.
Екеу қас та, құлақ та,
Жүрек жалғыз, бірақта!
Сондықтан да сол жүрек
Елегізіп, елжіреп,
Естісем деп лебізін,
Іздейді екен егізін!

Сіздер бір-бірлеріңізге қалай жолықтыңыздар? (Апай нұрлы жанарын бір төңкеріп қарады. Сыры кетсе де сыны кетпеген әдемі жүзіне қызыл арай тарады. Құпия сезімді айтудан қысылатын секілді. Ибалы, иманды кейіпте біраз унсіз қалды).

— Біз туыстай болып кеткен жандар едік. Сайын Талдықорған облысы Қапал ауданының Ақешкі деген аулынан ғой. Менің әкем сол жаққа мектеп директоры болып барған. 1957 жылы медицина институтын бітіріп, ауылдағы аурухананың меңгерушісі болып орналастым. Екі үй ет жақын адамдардай араласып тұрады екен, мен де КазГУ-дің журналистика факультетінде оқитын Сайынмен алабөтен ойсыз әңгімелесіп кеттім. Ол — студент. Ол кезде студенттер сабақ басталардың алдында бір айға күзгі жұмыстарға баратын. Қостанай жаққа кетіп бара жатып: «Мені күт!» — деді. Мен еш ойланбастан, айтылған сөзге мән берместен басымды изей салдым. Кешкісін үйге келсем шешем: «Жәмәли (менің шешем Сайынның әкесін осылай атайтын, ол кісінің шын аты — Сапарғали) келіп, құда болсақ дегенді айтты, сен қалай қарайсың?», — деді. Менің бойымда махаббат шұғыласы, сүйіспендік жалынынан гөрі құрбылық, тілектестік, достық сезімдер басым болды ма, әлде бәрі біте қайнасып, араласып кетті ме, сабырға, ақылға жеңдірдім бе, шешемнің өзіне қарсы сұрақ қойдым: «Сіз өзіңіз ол баланы қолайлы көресіз бе?» Шешеммен бұлайша ашық, батыл тіл қатысуымның да себебі бар, мен нағашымның қолында өскенмін, сондықтан онымен құрбымдай еркін сөйлесемін. Әкем аз уақыт бұрын аттан құлап қайтыс болған. Үйдің үлкені — менмін. Менен кейінгілер әлі кішкентай. Сондықтан сезім мен тұрмыстық жағдайдың арақа-тынасын бағамдап алу қажеттігін жас та болса ұғып тұрмын. «Басыңды сыйлайтын сияқты», — деді. Осы сөзге тоқтадық. Елу түтіні бар кішкене ауыл. 1958 жылдары ғой, жүк машинасының қазіргі «Мерседестей» қадірлі кезі. Ауылдан бидай алуға келген осындай бір машинаға мініп Сайынның үйіне келіп түстім. Шымылдыққа кіргізді ме? Ол отауға жарасымды, ырымды нәрсе ғой.

— Шымылдық әдепті, ибаны, құпияны сақтаушы ғана емес, татулықты, тірлікті қорғап тұратын отбасы сырының құпия қоймасы секілді емес пе?

— Сұрағың орынды. Дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана өзегінде тәрбие талаптары жатады. Дәстүрсіз халық жоқ. Бірақ кешегі кеңес заманында біраз жақсы салт-дәстүрімізден қол үзіп қалдык қой. Сондықтан ба екен, басыма орамал салып, шымылдықта отырмадым. Өз қыздарындай тастай батып, судай сіңіп кеттім.

— Жалпы үй болудың алғашқы қиын кезеңдері болмады дегенге сенбеу қиын.

— Біздегі сезім достықтан тілсіз, үнсіз тұтанғандықтан, орамды, нәзік ара-қатынастың көбесі сөгіліп көрген жоқ. Сайынның отбасындағы әке-шеше, іні-қарындас сондай бір жұмсақ, мейірімді еді. Енем Сақыпжамал ауруханада акушерка болып істейтін. (Сайынның алты жасында өз шешесі Разия қайтыс болып кеткен). Әкесін аға деймін, себебі Сайынды Мұратбек ата жалаңаш төсіне салып жүріп өсірген екен. Сондықтан ата баласы іспеттес, жолы үлкен болып есептеледі. Үйде екі сиыр бар. Енемнің оларды саууға қолының күші келмейді. Келін болып түскен күннен сиыр бауырына отырдым. Жұмысыма үлгеріп баруым қиындап кетті. Жас та болсам білдей бір аурухананың меңгерушісімін. Жұмыс басталмай тұрып лездеме өткізуім керек. Кейде киімімді реттеп, шашымды өруге уақыт таппаймын. Шашым әрі ұзын, әрі қалың. Тоқпақтай екі бұрымды тастай етіп өруім керек. Сиыр сауып отырып қайдағы-жайдағы есіме түсіп, бір жылайын. Сөйтсем аға көріп тұрыпты. Қасыма келіп не болғанын сұрады. Өксіп тұрып жұмысқа үлгере алмайтынымды айттым. «Қазір» — деп үйге кіріп кеткен. Үйден тарақ алып шығып, менің шашымды өруге кірісті. Сиыр сауып болғанымда жылауым да тоқтап, киім киісім де дұрысталып, шашым да ретке келді. Жүгіріп жұмысқа келіп, жиналыс өткізіп жатырмын. Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр көбейіп кеткен секілді. Арасында шиқылдаған күлкі де естіледі. Қатты күліп отырған – енем. Сөйтсем ол кісі жұртқа менің бұрымымның біреуі ішке, біреуі сыртқа қарай өрілгенін көрсетіп, балаша мәз болып отыр екен. Шашымды әкейдің өріп бергенін де айтып қойыпты. Ұлты татар еді, өсек-аяңмен ісі жоқ, еркелеп, айналасына күлкі үйіріп жүретін. Мен ол кісінің туған сіңлісіндей болдым. Өз ісінің жақсы маманы болды да, үй шаруасының қатты- қайырымына мойын бұрмайтын. Ауылда туған балалардың кіндік шешесі ғой. Қазақ баласының кіндік шешесінен не аясын, қойын сойып, етін терісіне орап үйге әкеліп тастайды. Мен салалы жүні бар терілерді өткізуге қимай жүнін жидітіп аламын. Жуып көрпеге саламын, түтіп иіремін. Енем ондай жұмыстардың жанына жоламайды. Бірақ әкей осындай жұмыстардың бәріне колғабыс тигізеді. Тіптен көрпе көктеседі, немесе мен тігіп жатқанда басын басып отырады. Бастаған ісімді тындырып барып бірақ орнымнан тұратын адаммын. Бір күнде көлгемедей көрпені көктеп тастаймын. Ондайда енем: «ұзын ине сусылдақ» деген, сусылдатып жібердің бе?» — дейтін. Мен өкпелегенімді білдірмей, үндемей қалатынмын. Ондайда: «Мұның құлағы жоқ» дейтін жарықтық. Кейінгі келіндеріне осы мінезмді үлгі қылып айтып отыратын.

Біздің үйде кішкентай балаларды көрсе қуалап жүріп шоқитын жеті-сегіз әтеш болды. Бір күні осылардың көзін құртайыншы деп ойладьм. Жем шашып тұрып төрт-бесеуін ұстап алдым. Бауыздап беретін еркеккіндік болмады. Үйде әжеміз бар болатын. «Қайтеміз?» деп сурадым, «Сол үшін кімнің алдына барасың, бұтыңа таяқ қыстырып тұр да, басын балтамен шауып жібер. Құдай өзі кешірер», — деді. Үй артындағы томарға апарып, өзім теріс қарап тұрып, бір қолыммен әтештің басын ұстап, қолымдағы балтамен басын шауып қаламын. Басынан айырылған дене біраз жерге дейін қалбалақтап барып жалп ете түседі. Екіншісі, үшіншісі де солай. Жүнін жұлып, дәу қазанға төрт әтешті асып, кеспе жасадым. Үй салып жатқамыз. Құрылысшылардың да, өзіміздің де бүйіріміз шығып бір тойып алдық. Бір кезде көршіміз Жайлаубай басқарма кірді үйге. Тамақ ішіп отырған әкемізге қарады. Ол кісіге де құйып бердім.

«Сапаке, келін тауықтың басын қақшып тастайды екен. Қолын шауып ала ма деп катты қорықтым», — деп қарап отыр. Мен қысылып қалдым. Сасқалақтап тұрып: «Аға, мен ағашқа мініп тұрып шаптым», деп ақталдым. Орынсыз іс істегеніме ұялдым. Іштей мұны әкемнің ерте өліп қалғандығының салдары деп мүжілдім. Мені бұл қолайсыз жағдайдан ағамның өзі құтқарып жіберді: «Білмегенді Құдай кешіреді. Мәкенім білсе бұлай істемес еді ғой, оның үстіне тамақ харам болса бойымызға жұқпай, сыртқа теуіп тұрар еді, ал біз тағы да іше түскіміз келіп отырған жоқ па?», — деп жуыл-шайып жіберді. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген ғой. Менің де пәсейген көңілім көтеріліп, ол кісіге деген ықылас-пейілім арта түсті.

— Таланты мен болмысының арасы үйлесіп тұратын адамдар болады. Сырт көзге жазушы Сайын Мұратбеков сондай жан секілді. Қазымыр, қытымырлығы демей-ақ қояйық, сырт жұрт байқамайтын, бірақ сіздің шыдамыңызды тауысып жіберетін мінезі болды ма?

Мұратбековтар отбасымен жібектей есілген жандар. Атасы, әкесі, өзі, іні-қарындастарының бойынан ізгілік есіп тұратын. Ол жазу-сызуды студент кезінен қолға алған. Біз қосылмай тұрғанда-ақ оның әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланып, ауыл-аймағы оның жазушылығын мойындап қойған. Тұңғышымыз Райгүл өмірге келіп, ат қоятын күні оның «Райгүл» деген әңгімесі журналға басылыпты. Алдында ғана ауылдың үлкен-кішісі қоятын атқа таласып, дуылдасып отырған. Пошташы журнал әкеліп, ондағы Сайынның әңгімесін көрген соң: «Болды, әкесінің кейіпкерінің есімін иеленсін, — деді де, — азан шақырып «Райгүл» деп атадык. Балаларына сондай мейірімді болды, біреуінің де шекесінен шертіп көрген жоқ. Райгүл мен Әлім момындау, кіші қызым Құралай еркелеу болды. Құралай мектептегі терезе, кафельдерді сындырып, сырттан карбит апарып суға салып, мектепті көп шулататын. Бірде Фонтамасқа ұқсаймын деп қасын тықырлап қиып, кірпігін кесіп тастапты. Сонда бар ашуланғанда айтқан сөзі: «Әй, затсыз-ай!» — болды. Құралай орыс мектебінде оқитын. Сөздің мағынасын түсінбеген шығар деп ойлап едім, жоқ әкесінің сол сөзін күні бүгінге дейін «менікі не жындылық» деп есіне алып отырады. «Мәкен, мына баланы қолға ал!» — деді. Ол енді қаталдау ұста дегені.

Сайынның жазу жазғаннан баска қолынан шаруа келмейтін. Тіптен мен үйде жоқта газ тұтатып, шай қойып іше алмайтын. Соңғы жылдары таудағы саяжайда тұрдық. Бірде «Мәкен, ренжімей далаға шықшы!» — деді. Қыс кезі, үстімдегі жеңіл киіммен далаға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, су қоймасында тұрған ыдыстан су атқылап, төбесі лапылдап жанып жатыр. «Не болған?» деп сұрап үлгердім. «Қоймада тышқан қаптап кеткен екен, соларды қуып жіберейін деп шүберекті бензинге батырып от қойып едім, әлем-тапырақ болып кетті ғой» деп қарап тұр. Жанұшырып қоймаға жүгірдім. Есігінің алдындағы шұңқырға омақаса құладым. Сонда да су келетін кранды тауып, бұрап тоқтаттым да, енді бөшкеден су алып өрт сөндіруге кірістім. Қора лапылдап жанып жатыр, енді болмаса іргедегі Нұрлан Қапаровтың ағаш үйіне тиіп, жайпап кетпекші. Әупірімдеп өртті өшіріп, үйге кірсем аяғым күп болып ісіп кетіпті. Шұңкырға құлағанда цементтің ернеуіне ұрып алған болуым керек. Сонда Сайын: «Өзің де бір жаныңды аямайтын өлерменсің ғой, ақырын арық қазып, суды бұрып қойсақ, көшеге ағып кететін еді, қыс кезінде шыққан өрт қанша ұзай қояр дейсің, қар жауып тұр, тоқтар еді ғой» — деп қарап тұр. Ондайда күйіп кетемін, әрине.

Шаруаға қырсыздығы сондай, сол саяжайды салғанда дарбазаны бір шеттен, гаражды екінші тұстан салдырыпты. «Сенің машинаң торғай ма гаражға ұшып кіретін» деп сөйлеп жүрмін. Сонда ғой Әкім Тарази: «Сайын, сен, шаруашылыққа басшылық жасамай-ақ қойшы, бірнәрсені бүлдіресің», — деп менің сөзімді сөйлейтін.

Дүниедегі алуан құбылыс жақсылық, жамандық деп аталатын екі арнамен ағып келіп, бір кезеңде оның бірі ақтарыла арнасынан асып жатса, бірі баяулап, тіптен қозғалысын тоқтатып, аңдысын аңдитындай. Бұл өмірде бірде ақ атқа, бірде қара атқа мінген жолаушыдайсың. Жақсылық арнасындағы өмір басталғанда бүкіл тіршілік әсем нұрға малынып тұрғандай болады. Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Егеубаев, Асқар Сүлейменов, Әкім Тара¬зи, Зейнолла Серікқалиевтармен күнде араласып жүрген сәттер қандай еді… Жарқ-жұрқ өмір еді ғой. Ондай¬да жігіттер де шарқ ұрып кететін. Бір жолы Сайын ұзақ жоқ болып кетті. Қайдан іздерімді білмей, іштен тынып жүрген бір күні таңертең үйге келді. Қасында Әкім Тарази бар. Шаршаған. «Жөн-жосығыңды айтып кетпейсің бе, жүрегім ұшты ғой» — десем, «Ой, мен қайда кетемін, қасымда Әкім ағам барда», — деп жайбарақат жауап береді. Осы тұста әйелдікке салынып кеттім-ау деймін: «Әкім ағаңа да сенбеймін», — деп шарт кеттім. Есік сарт ете түсті. «Ағаң өкпелеп кетті» деді. Артынан тұра жүгірдім. Жаңа ғана тұрған адам жоқ. Сөйтсек, Комсомол мен 8 март көшесінің қиылысында тұрған трамвайға 1 сом төлеп, мініп кетіпті. Соңынан жоқ болып кеткен олар емес, оларды өкпелеткен мен кінәлі болып кешірім сұрап, ашуын таратып алғанмын.

«Жалаңаш» дүниенің ортасында қалғанда жамау-жасқаулы ой иектеп алады екен. Бау-бақшаны күтіп- баптағанға Сағат Әшімбаев шебер еді. Оның шешесінің де көзін көрдік. «Жалғызымды қолтыктарыңа қыса жүріңдерші» деуші еді. Бірде Сағат үш түп алма ағашының көшетін әкеп берді. Соның бірі көктемей жатып қурап қалды, екіншісі көктеді, бірақ жеміс бермеді. Үшіншісі жайқалып, мәуелі жеміс беріп тұр. Осы үш ағаш мені түрлі ойға жетелейді. Құбылыстардың табиғат заңына бағынуы деген осы ма…

— Сайын Мұратбеков өз шығармаларына қалай қараушы еді? Л.Н.Толстой «менің талай шығармамды жыртып тастау керек, әлде атымды өзгертіп олардың түкке тұрмайтындығын әшкерелейтін сын жазсам ба екен» дейді күнделігінде. А.П.Чехов өзі ұнатпаған шығармаларының көзін аяусыз құртып отырған.

— Өз шығармасын өзі жыртқан өз бетін өзі тырнаған секілді елестейді екен. Жазғанын өңдеп, толықтыруға, тіптен қайта жазуға болады ғой. Сайынның «Жабайы алмасын» оқырмандар жақсы қабылдады. Маған да сондай ұнайды. Таныс жер, таныс кейіпкерлер. Ешкілінің күнгей жағындағы тау қоршап тұрған алаңқай еді. Сарқырап ағып жататын бұлағы болатын.

Соңғы кездері естеліктер жазам деп жүретін еді. Әбу Сәрсенбаев рухани әкесі еді. Сол кісіден бастаймын деп отыратын. Үлгере алмады. «Мұң жапырақ» деген повесть бастаған. Сонысын өзі өртеп жіберді ме, әлде мен қойған жерімнен адасып қалдым ба, таппай жүрмін.

Мәриям апай бұл жолы жылаған жоқ, бірақ көз жиектері талауланып, қызарып кетті. Әңгімені жалғастыруға құлықсыз секілді. Мен де үнсіз қалдым.

Үндістердің бір тайпасы үй болып, жеке түтін түтетеміз деген қыз, жігітті көпшіліктің көз алдында аспа бесікке тыр жалаңаш дерлік жатқызып қойып, екі себет толы ашыққан құмырсқаларға тұла бойлары күп болып ісіп кеткенше шақтырып, соған тырп етіп қимылдамай, қыңқ етіп үн шығармай шыдағандарына ғана: «Ал беттеріңнен жарылқасын!» дейтін көрінеді. Енді бір тайпа «үйленіп, оңаша ошақ көтереміз» дегендерге киім-кешек бермей, жалаңдаған жыртқыштарға толы ну орманға кіргізіп жіберіп, мөлшерлі мерзімде содан жол тауып, аман-есен оралғанда барып, некелесуге ризашылықтарын береді екен.

Ал біздің қазақ: «Үйлену оңай, үй болу киын» деп ескертеді де, өмір қайығына салып жібереді. Дұрысы осы шығар, қолдан қиындық жасап керегі не, онсыз да өмір өз сынағынан өткізеді ғой. Сол тірлікте Сайын аға мен Мәриям апайдай сезімнің ақ шымылдығын жоғалтпай, үйлесіп, жарасып өмір сүру мың қайғының бетін қайыратын махаббаттың бар екендігін аңғартпай ма…

Әңгімелескен Ділдәр Мамырбаева

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход / Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход / Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход / Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход / Изменить )

Connecting to %s

%d такие блоггеры, как: