С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы

Басында Үшқараның…

IMG_3369

Әдебиет табалдырығын имене аттаған жас күндердің бір күнінде жүрегі лүпілдеп тұрып Жазушылар одағының есігін ашатыны белгілі. Өйткені, Жазушылар үйі — қаламгерлер Меккесі болып келген бұл үйге келсең, кешегі өткен ұлылардың өзі болмаса да, ізін көресің, бүгінгі арамызда жүрген айқасқалардың өзін көресің. 1966 жылы 1-курста оқып жүріп сондай күйді біз де бастан кештік. Қолжазбамызды қолтықтап, жүрегіміз лүпілдеп, үрке басып Жазушылар үйінің екінші қабатына көтерілдік. Оңға бұрылған қанатта проза бөлімі болатын. Кіріп осы бөлімнің пікірін білгім келіп, алғашқы әңгімелерімді сол бөлімде отырған бір бұйра шашты аққұбаша жігітке табыстадым. Кім екенін сұрауға батпадым. Ол мені сыпайы қабылдап, қолжазбамды алып қалды. Содан кейін бірінші қабатқа түсе беріп, әлгі кісінің аты-жөнін сұрап білдім. «Сайын Мұратбеков қой» дегенді естігенім сол, шалт бұрылып, екінші қабатқа зулап көтерілдім.

— Сайын аға сіз боласыз ба?! — деп, жапырылып келіп ағамыздың екінші рет қолын алдым. Осының алдында ғана «Жұлдыз» журналында жарық көрген шағын, ең ұсақ әріппен терілген «Таңғы шық», «Кәментоғай» әңгімелерін оқып, ерекше тебіренгенім бар-ды. Әсіресе «Таңғы шықты» қайта оқып, сюжетсіз мына алақандай әңгіменің қай жерінде сезім тұтқындар құдірет тұр деп аударып-төңкеріп қарағаным бар, автордың аты-жөнін жаттап алғаным бар. «Жаттап алдым» деу аз сөз, осы бір «Сайын Мұратбеков» деген жазушы ныспының өзі бізге беймәлім бір сыр бүгіп тұрғандай еді. Бұндай бірнеше парақ қара сөзбен кісі жанын астан-кестен етерліктей құдіретке ие сөз шебері тегін жан емес екені анық еді. Табиғатына бұндай суреткерлік магия дарыған жазушы бір ерекше адам болуға тиіс. Ондай жанды өмірде кездестірудің өзі бір ғанибет, бір сирек оқиға болатыны анық еді. Бұны әдебиетпен ауаланған балаң қиял десек те, сөз құдіретін сезгіш адастырмас түйсіктен туған қиял еді. Бізге таңсық қолжетпес жұлдыздай талант иесінің Жазушылар үйінің екінші қабатында күйкентайдың ұясындай бір бөлмеде қағаз шұқылап отырарын кім білген?

Менің қайта келіп аты-жөнін айтып, аптығып сәлем беруім жаңа таныс ағамызға ерекше әсер етті. Қарақат жанары ұшқындап, көктем күніндей жадырап сала берді. Студенттің өз шығармасы жайлы айтқан жүрекжарды шындығына сыпайы жымия отырып құлақ түрді. Осы кездесуден кейін араға бірер күн салып ағамыз менің алғашқы әңгімелерім жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Мінеки, содан бері салдыртып 40 жыл керуені көшіпті. Былай қарасаң, тұтас бір ғұмыр. Қалай тез… айтып ауыз жиғанша өте шыққан?! Әсіресе Сайын ағамыз бүгіндері көптен шырғалаған қатыгез сырқат шеңгелінде жатқанда осылай өткен күндерге бұрылып, өзге бір көзбен қарауға мәжбүр болдық. Ағалық-інілік ынтымағымызға сызат түспеген екен. Соған тәуба. Өнерге ешкім де ұстаз қалпында келмейді. Шәкірттік балаң шақты бастан кешеді. Ондай кезеңнен біреу баяу, біреу тез өтеді. Өмірде бар майталмандар, жоқ майталмандар мектебінен қалай да өтеді. Үйренеді. Үйрену машақаты да өнердің әр саласында әрқилы болады екен. Бастан кешкеннен кейін әдебиеттегі үйренудің машақаты туралы бірер сөз. Жас қаламгер әдетте оқырман ретінде өзге үлгілерді оқу арқылы әдеби талғамын ұштайды. Қалыптастырады. Сөйте жүріп өзі де әдебиетке әрпіл-тәрпіл қадамдар басады. Өзіне рухтас аға қаламгерлерді жағалайды. Сонда не іздейді? Жазу сырын тез де терең меңгере салуды көздейді. Бірақ жас қаламгердің бұл арманы іске аспайтын арман. Алдағы үлкен ағалар өздері меңгерген сөз сиқырын мөлдіретіп әкеліп құлағына құя салар-ау деу балалық. Еш қаламгер Тәңір сыйы — сөз өнерінің ең басты қасиеті сыр сиқырын саған ашып бере алмайды. Тіптен ашқысы келсе де ашып бере алмайды. Өйткені талант-жұмбақ. Рухани құбылыс. Бәрін айтуға болар, бәрін талдауға болар. Бірақ таланттың неге талантты жазатынын түсіндіру қара жерден көз жауын алардай қызыл гүлдің неге өсіп шығатынын түсіндірумен пара-пар, бос әурешілік. Себеп: талант — Тәңір сыйы, адам басына сирек қонатын Тәңір сыйы. Сайын Мұратбеков өнеріне тәнті болған сол шәкірт-студент түйсігінде аға қаламгер жазуындағы сол бір көзге ілеспес сағымдай сусыған сезіммен әдіптелген сөз сиқырын ашсам ба деген балаң қиял болған сияқты. Ол қиял алдамшы балаң қиял болғандықтан да, арадан 40 жыл өтсе де, іске аспаған қиял күйінде қалыпты. Осынау ұзақ жылдар желісінде Сайын ағамен әдебиет туралы немесе осы мақала авторының шығармалары туралы талай-талай әңгімелер болды. Алайда шәкірт-студент сонау бір жылдары аға қаламгерден естісем деген жазушы шығармаларындағы оқырманды аласапыран сезімге бөлер қарапайым сөз құдіреті жайлы сыр ести алмады. Бұл тақырыпқа қалай қақпақылдағанымызбен, жазушы біз күткен сұраққа жауап бермепті. Беруі де мүмкін емес екен. Өнер иесі өзі көтерілген шыңға (шартты түрде ол шыңның атын Үшқара дейік) жетер жолда қандай қағидаттарға сүйенгенін немесе өнер шыңына бет алған жасқа қандай қағидаттар ұстану керек екенін айта алады. Бірақ дәл өзі жүріп өткен соқпақты, яғни стильді ашып айта алмайды.

Өйткен стиль — адам. Ал адамның жаратушысы — Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себептен де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни өз өнерінің мәйегін ашып бере алмапты. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, талант иесінің маңдайына жазылған сый — Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс емес еді.

Адамзаттың өнер туындысына ғасырлап бас иетіні содан болуы керек. «Джоконданың» миық күлкісі — ғасырлар бойы кісі назарын тұтқындап келген жұмбақ. Жаратқан Иенің Жер бетінде өргізген өмір сыры қашан да тылсым дүниенің басты жұмбағы. «Джоконда» миығында да сол адам ырқынан тыс күш — өмір жұмбағы ұшқын атып тұр. Шын өнер туындысымен кезіккенде біз сол үлкен құпиямен беттесеміз. Сол ұлы құпияны аша алмай, атын атай алмай әлек боламыз. Ал көзді жұмып, қалай да ашуға ұмтылу тіптен әурешілік. Сирек құбылыс болып суреткер өз құпиясымен өмірге келеді, өз құпиясымен өтеді. Өзінен кейін өнері қалады, бірақ жеке басына Жаратушы дарытқан дарынын қалдыра алмайды, өзімен бірге ала кетеді. Талант ұлт байлығы делінетіні де осыдан шығар. «Басында Үшқараның…» — С.Мүратбеков шығармашылығының шыңы. Осы әңгімеде жазушы таланты бар қырынан ашылып, шарықтайды. Тағы да сюжетсіз әңгіме. Ауыз толтырып айтатын пәлендей оқиға желісі жоқ. Бірақ сөз құдіретіне арбалып, оқи бергіңіз келеді. Осы әңгіме бітпесе екен дейсіз. Араға жиырма шақты жыл салып, Әсет Алматыдан өз туған ауылына оралады. Пойыздан түскен бетте біз ауылын сағынған, бүгінде қалалық болып кеткен азаматтың көзімен далаға қараймыз. Балауса шақты еске аламыз. Әсет сияқты ауылын тастап ешқайда кетпеген балалық жастық шағы бірге өткен қатар-құрбыларының бірінен кейін бірімен кездесеміз де отырамыз. Бұл жайт көбімізге таныс. Әсеттің көзімен бейне өзіміздің өткенімізбен кездескендей, өз ауылымызды, өзімізді-өзіміз қайта танығандай, қайта ашқандай боламыз. Талантты туынды бұлайша ауызша баяндап беруге көнбейді. Оның құнын кетіреміз. Сондықтан аздап та болса мәтінге жүгінелік.

«Әсет далаға көз тастаған. Сол баяғы талай рет аттылы-жаяулы жол шеккен бел-белестері. Бұрынғысынан басылып, кішірейіп, көзге қораш тәрізденіп қалған. Бұрын станция мен ауыл арасы өте алыс көрінуші еді, енді қараса, мына тұрған жер сияқты. Есінде өзінің шаршап-шалдығып жаяу жүрген кездері қалыпты, әнеу бір дөңесте демалғаны, әнеу бір жырада шөлдеп кеп бұлақтан су ішкені — бәрі де қазіргідей анық есінде».

Әсеттің араға ұзақ жылдар салып ауылға келгеніне жалғыз әпкесі өлердей қуанып, мал сойып, көрші-қолаңды шақырады. Бала кезде бірге өскен талай қыздарды Әсет танымай қалады. Біразы салпыетек бәйбіше болған. Солардың ішінде балалық алғашқы махаббаты Зағипа да бар. Қонақтар тарайтын түннің бір уағы болған. Әсет сыртқа беттейді. «Бу бұрқыраған ас үй толған әйел екен, дастарқан әзірлеп, күні бойы тамақ пісірген келіншектер, кексе қатындар, енді ғана есе тиіп ішуге кірісіпті. Солардың орта тұсында басындағы орамалы бір жағына қисайып кеткен Зағипа көзін жұмып теңселіп отыр. Әнді аңыратып отырған сол екен.

Басында Үшқараның қос барабан,
Сол таудан дария шалқар су тараған.
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда.
Апырмай, неге келдім сол арадан…

Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала оны бірдеңе деп иығынан тартқылап тұр. «Апа, жүр, кетеміз» дейтін тәрізді. Әсет енді байқады, Зағипа жылап отыр екен. Мас болып қалған-ау шамасы.

Әсеттің көңілі тағы да алай-түлей болып кетті. Жеткізбейтін алыс армандар, қиялдар көктемгі қара суық желдей бүкіл тұла бойын діріл қаққызып азынап берді. Не үшін өмір сүріп жүрміз осы?! Не үшін тірлік етеміз?! Аңсаған шақ, қимас сәттер неге баянсыз болады, осы?! Неге тез айырылып қаламыз?! Әне, Зағипа да аңсап отыр ғой сол бір шақты.

Сүлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Апырмай, неге келдім сол арадан…

Жастық шақ, балауса сезімдер туралы және солардың бәрін сағымға айналдырып сынаптай жыл-жып өткен жылдар туралы, сынаптай жылжып уыста тұрмаған өмір шіркін жайлы шарықтатып шырқап бір салған әндей, осынау қара сөзбен жазылған толғау осылай аяқталады. Осы арада әдебиеттің мәңгі шешілмеген бір тартысты сауалы біздің де алдымыздан шығып отыр. Яғни «Сіз бұл шығарманы керемет дегенде қандай критерийге сүйеніп айттыңыз?» деген сауал. Бұл сауалға да әркім әртүрлі жауап береді. Өйткені, көркем туынды қандай да бір болмасын теориялық өлшемге симайды. Үнемі жаңарып отырады. Әдеби заңдылықтар аясынан шығып кетіп отырады. Десек те, шығарманы бағалауға бәрібір өлшем керек. Жақсы мен жаманды ажыратар өлшем болмаса тағы болмайды. — Сонда сіздің өлшеміңіз қандай? Өз өлшеміңізді айтыңызшы? Жақсы мен жаманды Сіз қалай ажыратасыз?

— Біздің өлшеміміз, тіпті қарапайым. Шығармаға ет пен сүйектен жаралған қарапайым оқырман көзімен қараймыз. Мысалы, кейбір шығармалар бір рет оқуға жарамайды. Оның заты мәлім. Кей шығармалар бар, бір оқуға жақсы, үйіріп әкетеді. Бірақ оны оқып болысымен, неге екені белгісіз, Сіз оған қайта айналып соқпайсыз. Қазіргі дүниені дүрілдетіп жүрген коммерциялық әдебиеттің дені осы тақылеттес. Ақшаңызды суырып беріп, бір оқуға жақсы. Одан әрі жоқ. Ұмытасыз. Жаныңызды сыздатып қалдырған ізін таба алмайсыз. Ол шығармаға қайта айналып соқпайсыз. Ол Сіздің ғұмыр сапарыңызда рухани серігіңізге айналмайды. Ал енді үшінші бір шығармалар бар, оны «Сіз бір оқып алғаннан кейін ұмыта алмайсыз. Ол Сіздің бұдан кейінгі өміріңіздің рухани серігіне айналады. Жаныңыздың тереңіне шөгеді. Жадыңыздың ажырамас бөлшегіне айналады. Ол шығармалардағы кейіпкер сүрген өмірді Сіз де бастан кешкендейсіз. Сөйтіп, ол кітаптар ғұмырнамаңыздың бір бөлшегі болып алады. Әлсін-әлсін жадыңызда жаңғырады да тұрады. Әдебиеттің құдіреті, мүмкін, осы болар. Бұл кітаптарға Сіз ескі досыңызды іздегендей қайта оралып отырасыз. Әр оралған сайын шуақты сәтке бөленесіз. Мінеки, өлшем жайлы Сіздің сауалыңызға жауабымыз. Осы топқа жататын шығармаларды алғашқы екі топқа жататын шығармалардан бөліп аламыз, жоғары қоямыз. Осындай шығарма жазу әр жазушының арманы. Тіптен жазушының көп шығармасының ішінде осындай бір шығарма жүрсе де аз емес. «Басында Үшқараның…», біздіңше, сондай туынды. Еске Э.Хемингуэйдің «Килиманджаро қарларын» түсіреді. Екеуі де әңгіме. Екеуінің де кейіпкерлері жазушының прототиптері. Екеуінде де «не үшін өмір сүріп жүргенін» білмейтін, бірақ та тынымсыз шарқ ұрған рухани ізденіс үстіндегі қазіргі заман кейіпкері, ой адамдары. Екеуінде де тау бейнесі — адамды алыстан арбап тұрған армандай. Бірінде — Үшқара, бірінде — Килиманджаро. Екеуінде де жазушы саналыға тән тіршілік мәні жайлы мәңгілік экзистенциалистік сұрақтарға беріледі. Екеуінде де кейіпкерлер сол «не үшін өмір сүріп жүрміз осы?» деген сұраққа жауап таба алмай тығырыққа тіреледі. Екі әңгіме де бізге осынысымен қымбат. Тіршіліктің мәңгілік сауалын оқырман алдына қоюымен қымбат. Екі әңгіме де бір оқып тастап, ұмыта салатын шығармалар емес. Сізді өмір бойы өкшелеп отыратын рухани серіктер. Бір шүкіршілігіміз, қазақ сөз өнері бұндай дүниелерге кенде емес. Баршылық. Алдағы 21-ғасыр әдебиеті қандай боларын Құдай біледі. Алайда өткен 20-ғасыр әдебиеті жайлы қорытынды пікір айта беруімізге болады. Социализм салған құрыққа қарамастан, сөз жоқ, 20-ғасыр — Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры». 20-ғасырда қазақ эпикалық прозасында да, шағын жанрында да, поэзиясында да бір ұлттың телпегіне тар келмес ұшан-теңіз рухани мұра жасалды. Кемелденген әдеби тіл жасалды. 20-ғасыр әдебиеті арғы ғасырлардан келе жатқан телегей теңіз эпикалық көшпелілер рухының соңғы серпін толқыны болды. Немесе 20-ғасыр әлі жаһандану дауылы шайқамаған қазақы рухтың соңғы ғасыры болды. 21-ғасырдың қазақшылдары 20-ғасыр әдебиетімен әлі «жылап көріседі» деп білеміз. Осындай кескін-келбеті бүгінде ірге теуіп жатқан болашақты ойлағанда, қазақша жазу-сызу былай тұрсын, қазақы ойлау, сөйлеудің өзі мұң болып бара жатқан болашақты ойлағанда, біз әңгіме етіп отырған 60-70 жылдар әдебиеті бізге өзге бір қырынан танылады. Тек соның асылын жасығынан ажыратып, төкпей-шашпай келер ұрпақ қолына ұстата алармыз ба? Ұстату парыз.

Сайын Мұратбеков прозасы сол «алтын ғасыр» әдебиетінің саф таза, маржан мұрасы. Дегдар қаламгер жазғыштыққа салынбапты. Бар жазғаны екі том. Көп те емес, аз да емес. Бірақ та осы екі томдағы қай шығармасына көз салсаңыз да, жазушы асықпаған-аптықпаған. Өткінші заманның ұран-сүрендеріне ауланбаған, ілеспеген. Ақ парақ бетінде «төбе көрсеткен» кейіпкерлеріне адалдығын сақтаған. «Күсен-Күсеке», «Отау үй», «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Қылау», «Ұлтуған», т.т. өткен дәуір, социализм заманында өмір кешкен, күйген-сүйген ауыл адамдары. Айна-қатесі жоқ. Қан тамыры бүлкілдеп соғып тұрған өмір. Буы бұрқырап тұрған өмір. Өтіп кетсе де, сол өмір қаламгер құдіретінің арқасында кітапты ашсаң, ақ парақтың бетінен жамырап қоя береді.

«Шырт ұйқының құшағында жатқан. Бас жағынан дарылдай сөйлеген әкесінің даусы оятып жіберді.

— Әй, Сатай, тұр, балам, барып шананы алып қайт, — деді.

Сатай көзін сығырайтты. Үйдің іші әлі қараңғы екен. Терезеден бұлыңғыр ғана жарық түсіп тұр. Түн ортасынан жаңа ғана ауған мезгіл сияқты. Нағыз тәтті ұйқының шағы да. Бүкіл тұла бойы маужырап ұйып, дәл осы күйде талықсып ұйықтап жата бергісі келеді. Бірақ, ендігі жерде әкесі ұйқы береді дейсің бе? Әнеки, шақырған тауықтай бас жақтан тағы қылқылдай бастады.

— Сатай-ау, таң атты ғой, тұрсаңшы енді, — дейді» (Қылау).

Мінеки, осылай жазушы қаламының астынан қарапайым өрілген сөйлемдер тасасынан жан бітіп, ауыл адамдары өріп шыға бастайды. Қара сөздер тіріліп, ақ парақтың беті өмір майданына айнала бастайды. Егер де ә дегеннен ақ параққа жан бітіре алмайды екен, бұл жазушы қаламын қолға алмайтынын білеміз. Айлап-жылдап жазу столына жоламайды. Өнер деген де өзінше бір дін. Ол дінге сенбесең, адалдығыңды сақтамасаң, аяламасаң, түк шықпайды. Ол дінді алып жүру ұлы ерлік. Иығымызға салмағы батқан кезде көбіміз тайқып кетіп жатамыз. Онда өз обалың өзіңе, өнер діні сені кешірмейді. Жазаланасың. Сенен аруақ қашады, сөз пірі көтеріледі. Бұл сырды талант иелері іштей сезеді. Бірақ ол жайлы ешкім де ашықайтпайды. Қант диабеті деген сырқат шырғалаған ағамыздың көңілін сұрай барып отырып: «Жазып жүрген жаңа шығармаларыңыз болса, беріңізші, 70 жылдығыңыздың қарсаңында журналға шығарайық!» — дедік. Сәкең көптен аяқтай алмай, дұрысы, үстінен қарап шығуға дәті бармай жүрген бірер әңгімелерінің бар екенін айтып, үстінен қарап шығып, келесі жолы дайындап қоюға уәде берді. Жаз аяғында Сәкеңнің тау бөктеріндегі үйіне тағы бардық. Ағамыз көлеңкедей қозғалып, сыртқа шығып кеткен екен. Мәриям жеңгеміз ағамыздың халінен хабар берді. «Райгүлдің қазасынан оңала алмай қалды ғой… Іштей ағаң менен де күйрек боп шықты…», — деп өткен жазда мезгілсіз дүниеден өткен тұңғышын еске алып, күрсінді. Ашық есіктен күн ыстық болса да, жылы киініп алған Сайын ағаның бойы көрінді. Құшақтасып көрістік. Маған Сәкең қаңбақтай жеңіл көрінді. Әбден жүдеген. Көлеңкедей қозғалады. Денсаулығы жайлы әңгіме үстінде Сәкең күлбілтелемей, мына ауру мен оның салдарын мойындағанын айтты. «Бала-шаға аман болсын. Өздерің аман болыңдар», — деді. Біз не айтарымызды білмей, тіліміз байланып отырып қалдық. Жамандыққа қимайтын жаннан бұндайды есту ауыр еді. Әлдене деп, сөзіміз божырап, басу айттық. Бірақ, ұтымды емес, әсері шамалы сөздер түсті ауызға. Аздасын жаңа әңгімелерін жөндеп беремін деген уәдесін еске салдым. «Шамам келмеді. Қарай алмадым», — деді Сайын аға. Еңсе ауырлап, есеңгірегендей қалыпта келіп көлікке отырдым. Таудың бұралаң жолымен қалаға қарай асфальт қуып, төмен түсіп келемін. Бір бұрылыста тау бөктерінде қалған Сәкеңнің үйіне жалт қараппын. Неге қарағанымды білмеймін. Сол қарағанда арғы жақтағы арса-арса болған Алатау шыңдары да қоса назарға іліккен. Алда көк мұнарға тұншығып Алматы жатыр. Мыңғырған қала менің жабырқау көңіл-күйімнен хабарсыз. Қыбыр-қыбыр. Жыбыр-жыбыр. Көз алдымда Алматы болса да, көңіл көзімде — тау бөктерінде қалған Сәкеңнің қоңыр шатырлы үйі. Сол үйді көңіл көзімен көріп отырмын. Ар жағынан бірінен-бірі биіктей берген шоқылар. Қарлы шыңдарға ұласады. Үшқара. «Басында Үшқараның…». Сол тұстан, әлде көңіл түкпірінен сыңсыған бір мұңлы ән бас көтеріп келеді. «Басында Үшқараның…». Сол әңгімедегі ауыз үйде ән салып отырған әйелдер елестеді. Солардың ортасында ішіп алып, мұңлы әнді аңыратып теңселіп отырған Зағипа. Көзі жұмулы жылап отырғаны байқалып еді-ау!..

Басында Үшқараның қос барабан,
Сол таудан дария шалқар су тараған.
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда.
Апырмай, неге келдім сол арадан…

/Елубай С. / Жалын.- 2010. — №4./

Реклама

Добавить комментарий

Заполните поля или щелкните по значку, чтобы оставить свой комментарий:

Логотип WordPress.com

Для комментария используется ваша учётная запись WordPress.com. Выход /  Изменить )

Google+ photo

Для комментария используется ваша учётная запись Google+. Выход /  Изменить )

Фотография Twitter

Для комментария используется ваша учётная запись Twitter. Выход /  Изменить )

Фотография Facebook

Для комментария используется ваша учётная запись Facebook. Выход /  Изменить )

w

Connecting to %s

%d такие блоггеры, как: